Қазақстан. 8 қазан. ArbaMedia.kz - 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 146 541 бірлік автокөлік техникасы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,2%-ға көп. Бұл туралы «Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО) алдын ала деректерінде айтылған.

Қыркүйек айында отандық кәсіпорындар 20 215 бірлік техника шығарды. Бұл 2025 жылғы қыркүйектегі көрсеткіштен 55,2%-ға, ал биылғы тамызбен салыстырғанда 32,4%-ға артық.

ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі өндіріс көлемін арттырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, Алматыда OMODA және JAECOO маркалы автокөліктерді өндіру, ал Қостанайда Li Auto көліктерін шығаруға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Оның сөзінше, күзде өндірісті жергіліктендіруді дамытуға қатысты бірқатар келісімге қол қойылған. Автокомпоненттер өндірісін кеңейту және технологиялық операцияларды тереңдету саланың Қазақстан экономикасына қосатын үлесін арттыруға бағытталған.

Қай зауыттарда қанша көлік шығарылды?

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қостанайдағы Allur («СарыарқаАвтоПром») зауыты 56 130 бірлік техника өндірді. Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan кәсіпорны Changan, Chery және Haval брендтерінің 40 245 автокөлігін құрастырды.

Бұдан бөлек, Hyundai Trans Kazakhstan зауыты 27 305 автокөлік, ал Kia Qazaqstan кәсіпорны 13 782 көлік шығарды.

Басқа кәсіпорындардың өндіріс көлемі мынадай болды:

  • «СемАЗ» — 2 293 бірлік;
  • QazTehna — 2 014 бірлік;
  • Hyundai Trans Auto — 998 бірлік;
  • «КАМАЗ-Инжиниринг» — 804 бірлік;
  • Orbis Machinery — 433 бірлік;
  • Daewoo Bus Kazakhstan — 379 бірлік;
  • «Уральскагрореммаш» — 158 бірлік.

Қандай автокөлік брендтері көп өндірілді?

ҚАО деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда ең көп өндірілген брендтер қатарында Chevrolet, Hyundai және Kia бар.

Брендтер бойынша өндіріс көлемі:

  • Chevrolet — 29 555 автокөлік;
  • Hyundai — 27 275 автокөлік;
  • Kia — 17 712 автокөлік;
  • Changan — 15 148 автокөлік;
  • Chery — 12 593 автокөлік;
  • Haval — 10 955 автокөлік;
  • Jetour — 6 907 автокөлік;
  • JAC — 4 753 автокөлік;
  • Geely Galaxy — 3 378 автокөлік;
  • MG — 2 497 автокөлік.

Модельдер арасында Chevrolet Cobalt көш бастап, тоғыз айда 27 659 дана шығарылды. Hyundai Tucson өндірісі 10 522 бірлікті, Kia Sportage — 7 139 бірлікті, Hyundai Mufasa — 6 743 бірлікті, ал Changan CS35 Max 5 296 бірлікті құрады.


ARBA MEDIAЕщё в рубрике «Компании»