Кәсіп ата-анадан қалған аманат ретінде басталған. Қазір отбасылық бизнесті кәсіпкердің баласы мен келіні де дамытуға атсалысып отыр.

«Бұл кәсіп бізге ата-анамыздан аманат болып қалды. Сондықтан оны жай ғана бизнес емес, отбасының еңбегі мен дәстүрін жалғастыру деп қабылдаймыз. Басты мақсатымыз – Қобда тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, кәсіпті біртіндеп дамыту», – дейді Әсия Әбрешова.

Кәсіпкерлер бизнесті кеңейту үшін мемлекеттік бағдарлама аясында жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 10,8 млн теңге несие алып, 300 адамға арналған «Бауыржан» мейрамханасын іске қосқан.

Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап 50 адамға арналған жаңа шағын кафе жұмыс істей бастаған. Мұнда қосымша 30 адамға арналған жеке бөлме де бар.

Фото: Данияр Сағидолла

Кәсіпте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да көңіл бөлінген. Шағын кафеде алты адам, ал мейрамханада сегіз адам тұрақты жұмыс істейді. Мерекелік шаралар кезінде қосымша даяшылар жұмысқа тартылады.

Мекемелердің мәзірінде ұлттық тағамдармен қатар ұмытылып бара жатқан дәстүрлі ас түрлері және жастар арасында сұранысқа ие донер мен пицца сияқты тағамдар бар. Қызмет түрлерін кеңейту мақсатында сенбі күндері фильмдер көрсетіліп, балаларға арналған аспаздық шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.

Кәсіп иелері нарықтағы сұранысқа қарай бизнестің бағытын да өзгертіп отырады. Бұған дейін отбасы қонақүй бизнесін жүргізген. Алайда сұраныстың төмен болуы және үлкен жүк көліктеріне арналған тұрақтың болмауына байланысты қонақүй жабылған.

Фото: Данияр Сағидолла

Кейін ғимарат бірнеше кабинетке бөлініп, репетиторлар мен сұлулық салондарына жалға берілген. Осылайша кәсіпкерлер ғимаратты жаңа мақсатта пайдаланып, қосымша табыс көзіне айналдырған.

Отбасы қайырымдылық жұмыстарын да тұрақты түрде жүргізеді. Сәуір айында кәсіпкердің жолдасы жергілікті мешітке кілем сыйлаған. Сонымен қатар отбасы көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға мереке күндері тегін дастархан жайып, қолдау көрсетіп келеді.

ARBA MEDIAЕщё в рубрике «Бизнес»