Облигациялар банктің жалпы көлемі 200 млрд теңгені құрайтын алғашқы облигациялық бағдарламасы аясында шығарылды. Орналастыру барысында нарықтағы сұраныс ұсыныстан айтарлықтай жоғары болды. Нәтижесінде Altyn Bank тартқан қаражат көлемі жергілікті нарықтағы дебюттік облигациялық шығарылымдар арасында рекордтық көрсеткішке жетті.
Үш жылдық облигациялардың жылдық мөлшерлемесі 16,5 пайызды құрады. Банк мәліметінше, сауда-саттықтың алғашқы күнінде 100 млрд теңге тартылып, сұраныс 106,2 млрд теңгеге жеткен.
Орналастырудың бірлескен андеррайтерлері ретінде Halyk Finance және Centras Securities қызмет атқарды. Букбилдинг барысында облигацияларды сатып алуға банктер, сақтандыру компаниялары, брокерлік ұйымдар, активтерді басқару компаниялары және басқа да инвесторлардан 30-дан астам өтінім түскен.
Halyk Finance басқарма төрағасы Фархад Охоновтың айтуынша, Altyn Bank-тің облигациялар нарығына шығуы Қазақстанның капитал нарығы үшін маңызды оқиға.
«Инвесторларға 100 млрд теңге көлеміндегі облигациялар ұсынылғанына қарамастан, сұраныс ұсыныстан айтарлықтай асып түсті. Бұл ретте сұраныс әртүрлі инвесторлар санаты арасында кеңінен бөлінді. Орналастыру Altyn Bank-тің эмитент ретіндегі жоғары кредиттік сапасын көрсетіп қана қоймай, Қазақстандағы облигациялар нарығының жетіліп, тереңдеп келе жатқанын да дәлелдейді», – деді ол.
Altyn Bank басқарма төрағасы Мұрат Байсыновтың айтуынша, тартылған қаражат банкке қаржыландыру көздерін әртараптандыруға және бизнестің одан әрі дамуын қолдауға мүмкіндік береді.
«Үш жылдық облигацияларды 16,5 пайыздық мөлшерлемемен орналастырдық. Сауда-саттықтың алғашқы күнінде 100 млрд теңге тартып, 106,2 млрд теңге көлемінде артық сұраныс қалыптасты. Дебюттік шығарылым үшін бұл жергілікті нарықтағы тартылған қаражат көлемі бойынша абсолюттік рекорд. Инвесторлар тарапынан жоғары сұраныс Altyn Bank-ке, оның қаржылық тұрақтылығы мен сенімділігіне деген сенімнің маңызды көрсеткіші», – деді Мұрат Байсынов.
